Фото: Tengrinews.kz
Қазақстанда коронавирус бойынша оптимистік сценарий іске асып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы екі аптада сырқаттану деңгейі 31 процентке төмендеген. Қазіргі кезде республика бойынша 18 852 науқас емделіп жатыр. Инфекциялық және реанимациялық төсек-орындардың 19 проценті ғана бос емес. Соңғы үш айда науқастардың саны 4,5 есеге азайды.
"Республикада коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық жағдайдың болжамына сәйкес, желтоқсан айында тәулігіне орта есеппен 560 жағдай тіркеліп, оптимистік сценарий бойынша келе жатырмыз. Қазіргі уақытта республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғаны байқалады, жағдай министрліктің бақылауында тұр", - деді Бүркітбаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, коронавирустың бір адамнан жұғу көрсеткіші 0,90-ды құрап отыр. Осылайша, репродуктивті көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмендеген. Алайда әлем бойынша коронавирусты жұқтыру жағдайларының көбейіп жатқаны байқалып отыр. Әсіресе, Еуропада соңғы екі аптаның ішінде 54 елдің 15-інде сырқаттану деңгейі өскен.
Мәселен, Данияда сырқаттану көрсеткіші 70 проценттен асып кеткен. Италия мен Швецияда – 50 процентке, Франция мен Ұлыбританияда – 40 процентке, Норвегия мен Португалияда науқастардың саны 30 процентке көбейген.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі болжамына сәйкес, 2022 жылдың қаңтарында оптимистік сценарий бойынша күніне орташа есеппен коронавирус инфекциясының 650 жағдайы тіркеледі. Нақты - 1500, жағдай нашарласа 3000 дерек тіркелуі мүмкін.
