Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырған 376 жаңа жағдай анықталды. Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 3 526 адамға жетті, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.
Елде вирустан 17 адам көз жұмды.
Корея ауруды бақылау және алдын алу орталығының (KCDC) мәліметіне сәйкес, вирус жұқтырған 376 жаңа жағдайдың 333-і Сеулден оңтүстік-шығысқа қарай 300 шақырым жерде орналасқан Тэгу қаласында тіркелсе, 26-сы – көршілес Солтүстік Кёнсандо провинциясында.
Сондай-ақ өзге де ірі провинциялар мен қалаларда ауру жұқтырған бірнеше жағдай туралы хабарланды. Сеулде тағы бес адам инфекцияны жұқтырған. Сонымен қатар үлкендігі жағынан Оңтүстік Кореяның екінші қаласы Пусанда да бір тұрғыннан вирус табылған.
Елде тіркелген инфекцияның 87 пайыздан астамы Тэгу қаласы мен Солтүстік Кёнсандо провинциясына тиесілі.
Алдағы күндері Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандардың саны артуы мүмкін, өйткені денсаулық сақтау органдары 210 мыңнан астам Иисус Синчхонджи шіркеуінің (Shincheonji Church of Jesus) мүшесін тексеруді бастады.
Денсаулық сақтау органдары елдегі инфекция жұқтырудың жартысынан астамы жергілікті діни секта Синчхонджиге (Shincheonji) қатысты деп күдіктеніп отыр.
Жексенбі күні таңертең Оңтүстік Кореяда 32 422 адам тексеруден өтіп жатыр Жалпы 61 037 адамның талдауы теріс нәтиже көрсетті. Сауығып шыққандар саны 30-ға жетті.
Оңтүстік Корея елінде коронавирус алғаш рет 20 қаңтарда тіркелді. Ол кезде вирус өршіп тұрған Уханнан келген Қытай азаматшасының тестінен вирус табылды.
Бұған дейін хабарлағандай, 1 наурыздан бастап коронавирусқа байланысты Қазақстан Оңтүстік Кореяға ұшатын әуе рейстерінің санын қысқартты. Сондай-ақ, Қазақстан елшілігі осы елде жүрген қазақстандықтардың тізімін жасай бастады.