26 қаң, 2022 сағат 21:06

Электр энергиясының өшу себебін тексеру үшін арнайы комиссия құрылды


Қазақстанда оңтүстік өңірлерде электр энергиясын өшіру себептерін тексеру бойынша арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінен мәлім етті.

«Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрінің басшылығымен оңтүстік өңірлердің тұтынушыларын электрмен жабдықтаушы «КЕGOC» АҚ электр желілерінде технологиялық бұзушылықтың туындауы және орын алу себептері мен шарттарын шынайы және жан-жақты анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Тексеріс нәтижелері бойынша орын алған технологиялық бұзушылықтарға алдағы уақытта жол бермеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің жұмыс істеу тұрақтылығын арттыру жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленетін болады», - деп атап өтеді министрліктен. 

Естеріңізге сала кетейік, 25 қаңтарда Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы мен Шымкент қалаларында электр энергиясы апаттық жағдайда ажыратылды. Сол күні сағат 16:00-де Қазақстанның оңтүстік аймағының барлық өңірлерінің тұтынушыларына жарық қайта берілді.