Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданында жергілікті полиция мен табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері ферула-дәрілік өсімдіктерін жинаумен айналысқан Ауғанстанның 51 азаматын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД-нің мәліметінше, рейдтік іс-шара барысында шетелдіктердің құжаттарын тексеру кезінде олардың облыс аумағында еңбек етуге рұқсаттама құжатынсыз жүргені анықталған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары оларды Арыс қалалық ішкі істер басқармасына жеткізіп, көші-қон полициясына тапсырған.
Қазіргі таңда заң бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жинақталған материалдар процессуалды шешім шығару үшін сотқа жолданады.
Айта кетейік, бұған дейін де дәрілік өсімдікті заңсыз жинаумен айналысып жүрген жүздеген ауғандық Сарыағаш ауданынан ұсталған болатын. Олардың да Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат қағазы болмаған. Шетелдіктерге әкімшілік шара қолданылып, елден аластатылды.