Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтың айтуынша, Оңтүстік Кореяда жүрген отандастарымыздың кейбірі елге эвакуациялау жолымен қайтуға ниет білдірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде қымбат билеттер туралы (бірінші санаттағы елдерден келетін Қазақстан азаматтарының елге қайтуы үшін) жазылғанын байқап қалдым. Оңтүстік Кореяда Қазақстан елшілігіне жүгініп, елге эвакуация жолымен оралуға ниет білдірген отандастарымыз бар. Алайда қазір эвакуация жасайтындай мәселе соншалықты өткір емес. Бұған дейін айтқанымдай Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында апта сайын рейстер орындалуда. Апта сайын 700 жолаушыны жеткізуге боларлықтай рейстер орындалып жатыр», - деді Берік Қамалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, Берік Қамалиев Қазақстанға келетін жолаушылардың тасымалын шектеу бойынша жаңа шаралардың енгізілетінін мәлім еткен еді.
Оның айтуынша, 8 наурыздан бастап 1-ші санаттағы елдердің азаматтары Қазақстанға кіре алмайды.
Қазақстан бірінші санатқа кіргізген елдердің ішінде – Оңтүстік Корея да бар. Алайда бұл шектеудің сол елдегі Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ.