Оңтүстік Кореяда жаңа коронавирустан жетінші адам қаза тапты, тағы 161 адам індет жұқтырды, деп хабарлайды Рёнхап.
Осылайша, елде жалпы дертке шалдыққандар саны 763 болды.
Денсаулық сақтау органдары өкілдерінің айтуынша, Чхонда оңтүстік-шығыс аумағындағы емханаға барған 62 жастағы ер азамат жексенбі күні коронавирустан өмірден өтті.
Қазіргі уақытта Қытайдан келген індет жеті адамның өмірін қиды.
Билік өкілдері вирус таралып жатқан екі негізгі ошақты атады, олар – оңтүстік-шығыстағы Тэгу қаласындағы діни секта мен көршілес Чхонодағы емхана. Елдегі дертке шалдыққандардың жартысынан көбі осы аумақта тіркелген.
Вирус жұқтырған жаңа 161 адамның 142-і Сеулден оңтүстік-шығысқа қарай 300 км қашықтықта орналасқан Тэгу қаласы мен көршілес Солтүстік Кенсанда анықталды. Тағы үш оқиға Сеулде тіркелді, делінген Корей ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәлімдемесінде.
Жексенбі күні Оңтүстік Корея вирусты ескерту дәрежесін ең жоғарғы – «қызылға» дейін көтерді. Бұл 2009 жылы H1N1шошқа тұмауы таралған уақыттан бергі алғашқы қауіп жағдайы.
Жоғарғы дәреже билік өкілдеріне мектептерді уақытша жабуға, Оңтүстік Кореядан шығатын және келетін рейстердің санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Коронавирустың таралып кетуін болдырмас үшін Білім министрлігі барлық балабақшалар мен мектептерге жаңа семестрдің басталуын бір аптаға шегере тұруды тапсырды.