Жуырда он адамды өрттен құтқарған қазақ жігітіне Оңтүстік Корея билігі арнайы виза беретін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін Кореяның Әділет министрлігінің өкілдері жуырда өрт шыққан тұрғын үйден он шақты адамды құтқарып алған біздің Әлимен кездесті. Кездесу барысында отандасымыздың сол елде тұру мәртебесіне өзгеріс енгізу процедурасы талқыланды. Әли тиісті өтінімді берген еді. Корея тарапы оның құжаттарының бәрін қарап, Әлиге арнайы виза беру туралы шешім қабылдады», - деп хабарлайды ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
ҚР Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің хабарлауынша, Әлиге алдағы уақытта тұрақты тұратындай мәртебе беру мәселесі де талқыланады. Оңтүстік Корея билігі берген мұндай артықшылықты Әли пайдалана ма, жоқ па – өзі шешеді.
«Сонымен қатар корейлік LG Welfare Foundation қоры Әлиді арнайы LG Personnel Award сыйлығымен марапаттауды ұсынды. Ол сыйлық басқа адамдарды құтқарып қалған батыл жандарға беріледі», - дейді Айбек Смадияров.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматы өрт кезінде 10 адамды құтқарып, мемлекеттік марапатқа ұсынылғанын бұған дейін хабарлаған едік. Түркістандық Әли отбасымен бірге 2017 жылы Ян Ян шипажайлы қалашығына жұмыс іздеп келген.
Оқиға өткен айда болған. Ол 23 наурыз түнгі сағат 11-де түтін иісін сезген. Сөйтсе, көрші пәтерлердің бірінде өрт шыққан.
Өрт болған бөлме ішінде әйел қалып қалған. Әли ол бөлменің есігін аша алмай, пәтерге газ құбырымен және телекабельмен өрмелеп шығып, ішіне кірген. Өкінішке қарай, өрт шыққан пәтерде болған әйел кейіннен ауруханада көз жұмған. Отандасымыз өзге көршілерін оятып үлгерген. Соның арқасында олар дер кезінде сыртқа шығып, аман қалған.
Жерлесіміз ерлігі жайлы да, өрт кезінде денесін күйік шалғаны туралы да туыстарына тіс жармапты. Медициналық көмектен де бас тартқан. Алайда көршілері бой бермей, оны ауруханаға жеткізіп, емге кететін шығынды өздері төлеген.