22 жел, 2021 сағат 13:31

Өңірлердегі халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында тұр


Өңірлердегі халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда тұр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың депутаттар сауалына жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жылыту кезеңінің басында көмір саласындағы уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде коммуналдық-тұрмыстық сектор және халық үшін көмір өнімін тұтынудың 2021 – 2022 жылдар кезеңіне арналған жоспарын қалыптастырды. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараттары бойынша көмір сататын нүктелерде көмір қоры бар», - делінген Роман Склярдың Мәжіліс депуттары сауалына берген жауабында. 

Оның атап өтуінше, өңірлерде көмірге қатысты дүрбелең жоқ және тапшылық туындағаны туралы ақпарат түскен жағдайда осы өңірлерге көмір тиеп-жөнелтуді ұлғайту бойынша шұғыл іс-шаралар қабылдануда. 

«Өңірлердегі халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда тұр және күн сайынғы уәкілетті органның, әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың және «ҚТЖ» АҚ-ның қатысуымен оперативтік кеңестер өткізу арқылы шешімін табуда», - деді Үкімет басшысының орынбасары.