13 нау, 2020 сағат 11:03

Өңдеуші кәсіпорындар қажет болған жағдайда өндірістік қуаттылықты арттырады - министр

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің мөлшері жайлы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен, әкімдіктермен бірге бүгінгі таңда жедел штаб құрды. Штабтың негізгі мақсаты – халықты басты азық-түлік түрлерімен қамтамаcыз ету. Әкімдіктермен қазір тұрақты байланыста отырмыз. Негізінен аймақтардағы тұрақтандыру қорларындағы азық-түліктің толымдылығына, өндірушілердің қоймаларына, сауда нүктелеріне мониторинг жүргізілуде. Қолда бар жедел мәліметке сәйкес қазіргі таңда республикада 1,2 млн тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар», - деді Сапархан Омаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуына қарағанда әлеуметтік маңызы бар тауардың бұл көлемі халықты 5-6 ай көлемінде қамтамасыз етуге толығымен жеткілікті. 

«Бұл тек қор ғана. Одан бөлек азық-түліктің барлық түрі өндіріліп те жатыр. Өңдеуге бағытталатын шикізат қоры баршылық. Өңдеуші кәсіпорындар қажет болған жағдайда өндірістік қуаттылықты арттырады», - деді ол.

Сапархан Омаров қажеттілік қазіргі таңда 80 пайызға, ал азық-түліктің кейбір түрі бойынша 100 пайызға толық екенін жеткізді.

«Біздің негізгі азық-түлік түрлері – бидай ұны. Бидай ұнынан үш миллион тонна өндірдік. Бұл ішкі қажеттілікті 204 пайыздық деңгейде жабуға жеткілікті. 144 мың тонна күріш өндірілді. Ал қажеттілік мөлшері – 76 мың тонна. 190 пайызға жауып отырмыз. Сол секілді 165 мың тонна макарон өндірілуде. Қажеттілік – 150 мың тонна. 3,9 миллион тонна картоп өндірудеміз. Ішкі қажеттілік картоп бойынша 107 пайызға жабылған. Сиыр, қой, жылқы, шошқа еті жағынан уайым жоқ», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін аталмыш баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов коронавирус инфекциясына байланысты супермаркеттер мен базарларда туындаған дүрбелеңге байланысты қазақстандықтарды сабырға шақырған болатын.