13 жел, 2021 сағат 21:55

Омикрон штаммының Қазақстанға жетуі уақыт еншісінде – Есмағамбетова


Омикрон штаммы Қазақстан аумағына ертелі-кеш жетеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Бүгінде Омикрон әлемнің 60-қа жуық елінде тіркелген. Мұның өзі 1 айдың ішінде орын алды. Бұл дегеніңіз, Омикронның өте жылдам тарайтындығын білдіреді. Өзге штаммдарды мысалға ала отырып, Омикронның Қазақстанға тасымалдануы тек уақыт еншісінде екендігін айтуға болады. Бұл штаммның елімізге тасымалдануының алдын алу үшін қабылданып жатқан іс-шаралар арқылы сол уақытты ұзаққа созуға тырысып жатырмыз», - деді комитет төрағасы «BaigeNews» Youtube арнасында өткен сұхбат барысында. 

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта коронавирустың жаңа штаммы - Омикронға қатысты ғылыми негізде дәлелденген сенімді мәліметтер жоқ. 

«Оған клиникалық, эпидемиологиялық мәліметтер, оны емдеудің әрі алдын алудың түрлі әдістерінің тиімділігі туралы ақпараттар жатады. Ал біз үшін бұл уақыт штаммның өзгеріске ұшырағанына не ұшырамағандығына қатысты мәліметтердің пайда болуы үшін қажет. Ол кей науқаста ауыр немесе жеңіл өтеді. Кейде өте қауіпті, тіпті ауыр жағдайларға душар қылып, өлім-жітімге де алып келеді», - деді Айжан Есмағамбетова.