16 нау, 2019 сағат 12:06

Олжас Сүлейменов жаңа саяси партия құрмақ

Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов саяси партия құрады. Бұл туралы «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай хабарлады.

Forbes.kz басылымының жазуынша, 18 наурыз күні Алматыда өтетін конференцияда «Жасыл әлем» («Зелёный мир») атты экологиялық партияның құрылатыны жөнінде ресми түрде хабарланады. Дәл сол күні журналистермен болатын кездесуде партияның ұйымдастыру комитетін құру мәселесі қаралып, оның мүшелері анықталмақ.

Азаматхан Әміртайдың айтуынша, партияны құру бастамасын көрнекті ақын, жазушы, қоғамдық-саяси қайраткер Олжас Сүлейменов көтерген. Қазіргі таңда «Жасыл әлем» партиясының стратегиясы мен мақсаты, жарғысы толық дайындалған. 

- 18 наурыз күні біз ұйымдастыру комитетінің тізімін бекітіп, партияны құру туралы өтінішті ҚР Әділет министрлігіне жолдаймыз. Одан кейін министрлік барлық құжаттарды тексеріп, келісімін бергеннен кейін, біздің 40 мың қол жинауға және алғашқы съезд өткізуге уақытымыз болады. Қол жинау - біздің экологиялық бірлестік үшін аса қатты мәселе емес, себебі біздің белсенділеріміз бен филиалдарымыздың бұрыннан бер екені көпке аян, - дейді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы.

Азаматхан Әміртайдың мәліметінше, бастамашы топ қазірдің өзінде алғашқы мың адамды қатарға қосып үлгерген. Экологиялық партияның Төрағасы Олжас Сүлейменовтың өзі болмақ.

- «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі 3 жылдан бері елдегі экологиялық проблемалармен айналысып жүр. Ұйымды Олжас аға Сүлейменов құрды. Біз қоғамдық бастамаларда экологиялық сұрақтарды шешеміз деп ойладық. Бірақ, бір түсінгеніміз, бәрі оңай емес екен. Істің бұлай реттелмейтінін ұққан соң стратегияны өзгертіп, жаңа кезеңге аяқ басуымыз керек деп келістік. Біздің мақсатымыз - 2021 жылға қарай парламенттік сайлауға және маслихат сайлауына қатысу. Парламентте экология мәселелерін көтере алатындай дәрежеге ие болу үшін 10% пайыз дауыс жеткілікті деп ойлаймыз. Бүгінде мемлекетіміз экологиялық апаттармен күресу үшін жыл сайын қомақты қаражат бөліп жатыр. Дегенмен оларды шешу тетіктері жоқ. Іс дұрыс жолға қойылмағандықтан анық нәтиже көріп отқан жоқпыз. Сол себепті біз, экологтар ретінде осындай ауқымды дүниелерді реттеп отыру үшін парламент пен маслихаттардың барлық сатысында болуымыз қажет, - дейді Азаматхан Әміртай.

Партия жоспарында жаңа экологиялық кодексті дайындап, заңнамаларды жаңарту жұмыстары бар.

- Біз экологиялық мәдениет мәселелерімен айналысқымыз келеді. Ел азаматтарының бойына экологиялық мәдениет ұғымын сіңіріп, оларға табиғатқа асқан ұқыптылықпен көңіл бөліп, экономика мен экология арасындағы балансты сақтауды үйретуіміз керек. Бұл - біздің негізгі мақсатымыз. Өйткені шын жанымыз ашиды. Қазақстанда әртүрлі деңгейдегі проблемалар жеткілікті. Соларды қадағалауымыз қажет, - дейді ол.

Айта кетейік, елімізде ресми түрде 6 саяси партия тіркелген. Олар: Nur Otan, «Бірлік» партиясы, «Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» Демократиялық партиясы», «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік халық партиясы және Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия. 

2016 жылғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша өкілеттік былай бөлінді: Nur Otan - 84; Қазақстан коммунистік халық партиясы - 7; «Ақ жол» -  7. 

Саяси партиялар мәжілісте мүшелікке ие болу үшін 7% пайыздық межеден өтуі тиіс. 

Айта кетсек, Олжас Омарұлы Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстанның Халық жазушысы, лингвист-зерттеуші, түрколог, танымал саясатшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 10-шы және 13-ші шақырылымдарының депутаты, ССРО Жоғарғы Кеңесінің 11-ші шақырылымының депутаты, ССРО Халық депутаты (1989-1991). Олжас Сүлейменов 1-ші дәрежелі «Барыс», Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Даңқ белгісі», медальдермен марапаттаған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстанның Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының лауреаты.

1989 ж. ақпанында халқаралық Невада-Cемей ядролық қаруға қарсы қозғалысының президенті болды.

1991 ж. қазанынан Қазақстан Халық конгрессі партиясының төрағасы, құрметті төрағасы болды.

1994 ж. сәуірде шақырылған ҚР Жоғарғы кеңесі төрағалығына ұсынылады, мәжілісте өз үміткерлігін талаппен алып тастайды.

1994—95 жж. ҚР Жоғарғы кеңесінің Қоршаған орта және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі.

1995 ж. тамызынан бастап ҚР Италия республикасындағы, 1996 ж. сәуірінен Грекия республикасындағы, сондай-ақ Мальта республикасындағы төтенше және өкілетті елші міндетін атқарды.

Ұлт порталы