«OLX жеткізу» қызметінің атын жамылған алаяқтар жарнама сайттарында әлі де «өз қызметін» ұсынып келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тауарды сату туралы хабарландыруды орналастырғаннан кейін алаяқтар сатып алушы болып байланысқа шығады, нөмірлерді бір күн ғана пайдаланып, артынша өшіріп тастайды.
Хат алмасу барысында алаяқтар басқа қалада екенін түсіндіріп, «жеткізу» қызметін пайдалануды ұсынады. Яғни, картадан төлем жасалғаннан кейін курьер сатушыдан келіп затын алады.
Ол үшін алаяқтар жалған сілтемені жібереді. Бір қарағанда, сілтеме ешқандай күдік тудырмайды, бірақ басқан кезде пайдаланушыны фишингтік сайтқа жібереді. Бұл сайтта банк картасы, CVV-коды, ЖСН көрсетілген сауалнаманы толтыру, өтінімді жіберу және ақша аударымын күту ұсынылады.
Сатушы өтінімді жібергеннен кейін, көрсеткен барлық деректер фишингтік сайт арқылы алаяқтардың қолына түседі. Бұдан әрі, олар интернет-банкингтің есептік жазбасына кіреді, ақшаға толық қол жеткізеді және қолда бар ақшаны карт-шоттардан лезде ұрлайды. Ал алаяқтық сайт бірнеше секундтан кейін бұғатталады да жоқ болады.
Жыл басынан бері аталған алаяқтық схемасынан жүзден астам астаналық зардап шекті. Шығын шамамен 2 млн теңгені құрады. Барлығы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті азаматтарға банк карталарының деректемелері мен жеке деректерін бермеу туралы ескертеді. Сайттың сілтемесі мен түпнұсқалығына назар аудару қажет. Фишингтік сайттардың атауында қосымша хат немесе белгі болады. Әдетте алаяқтар тауарды оны көріп, тексермей-ақ сатып алуға келіседі.