26 ақп, 2020 сағат 14:35

Аймағамбетов: Каникул кезінде олимпиадалар өткізілмейді

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов енді пәндік олимпиадалар каникул уақытында өткізілмейтінін мәлім етті. Аталған өзгеріс биылдан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Олимпиадалар енді каникул кезінде өткізілмейді. Өйткені оған сабақта өте белсенді, жақсы оқитын оқушылар қатысады. Біз оларды каникул уақытындағы демалыстан айырмауымыз керек. Балалар демалуы тиіс. Сондықтан, биылдан бастап олимпиадаларды басқа мерзімде өткізетін боламыз», – деді Асхат Аймағамбетов министрліктің аппараттық кеңесінде.

Министр республикалық олимпиадаға қатысу үшін облыстарға баратын балаларға жақсы жағдай жасалуы керектігін ескертті. Сондай-ақ, ол ЖОО басшыларына оқушылармен кездесу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.

«Республикалық олимпиадаға кем дегенде 1,5 мың дарынды, білімді бала қатысады. Дайындық барысын бөлек қарастырамыз, дегенмен Қарағанды және Алматы облыстарында балалардың қауіпсіздігі, жататын жері, тамақтануы бойынша барлық жағдай жасалсын. Екіншіден, университет басшыларына тапсырма: 1,5 мың оқушы барады, университеттер де олармен жұмыс істеуі қажет. Жаз айларында ғана емес, мұндай жұмыс ұдайы жүргізілуі керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Сөз соңында министр мектеп бітірушілерге университет тарапынан 50 грант бөлген ТарМПУ өзге ЖОО-ларға үлгі ретінде атап өтті.

«Мысалы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры еріктілерге, дарынды балаларға 50 грант бөлді. Міне, осыны үлгі ретінде айтуға болады. Сондықтан, кәсіптік бағыт-бағдар беруге бей-жай қарамау керек», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 6 қаңтарында ҚР БҒМ Түркістан облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті оқушылар арасындағы республикалық олимпиаданың облыстық турын өткізу барысында Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасында жоспардан тыс тексеру жүргізен еді. Нәтижесінде бірқатар өрескел бұзушылық анықталды. Осыған орай, Асхат Аймағамбетов олимпиада, ғылыми жоба байқаулары әділ, таза өтуі керектігін баса айтты.