Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында заңсыз ойын бизнесін жүзеге асырды деп айып тағылған «ОLIMP KZ» букмекерлік кеңсесінің бухгалтері Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматшасы Елена Антонцеваны Черногориядан экстрадициялады.
Е. Антонцеваға «ОLIMP KZ» Букмекерлік кеңсесі» ЖШС-да бухгалтер болып жұмыс істеп жүріп, ұйымдасқан топтың құрамында мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтіріп, ойын бизнесі саласында заңсыз қызметті жүзеге асырды деген күдік келтіріліп отыр», - деді ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Мәлім етілгендей, Антонцева қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған.
«Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласының тергеу изоляторында», - деп нақтылады ведомстводан.
Еске салайық, бүгін, 17 ақпан күні Алматы қаласының прокуратурасы «OLIMP KZ» букмекерлік кеңсесінің мүлкі тәркіленгенін хабарлаған болатын.
«Алмалы аудандық соты 2021 жылғы 16 ақпанда халықаралық іздеуге жарияланған «OLIMP KZ» букмекерлік кеңсесі» ЖШС басшыларына қатысты үкім шығарылғанға дейін мүлікті тәркілеу туралы Алматы қаласы прокурорының өтінім-хатын қанағаттандырды. Олар букмекерлік қызмет желеуімен заңсыз ойын бизнесін, ақша қаражатын шығару және бюджетке салық төлеуден жалтару бойынша қылмыстық схеманы ұйымдастырған», - деп хабарлады ведомстводан.
Сот актісімен 3,6 млрд теңге, 4 әуе кемесі және 3 автокөлік тәркіленді. Сотта ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары бұл мүлікті қылмыстық жолмен алғаны дәлелденді.