Жетісу облысы Кербұлақ ауданында ата-ана жергілікті әкімдік берген мектеп формасына шағымданды. Ол қызына дұрыс мектеп формасының орнына бірнеше есе үлкен киім берілгенін айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Әйелдің айтуынша, ол әлеуметтік көмек алу туралы өтінішінде қызының нақты өлшемін көрсеткен. Бірақ оған дұрыс өлшемдегі киім берілмеген.
"Мынаны мектепке қалай киесің? 34-36 деп өлшемін көрсеттім, бірақ жоқ. Мемлекет қаржысына қалай немқұрайды қарауға болады?" - дейді видеодағы әйел.
Жетісу облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова бұл оқиғаға қатысты пікір білдіруге әлі ерте екенін айтқан.
"Қазір пікір білдіре алмаймын, бірінші анықтауымыз керек. Алдымен бұл киімді біз бердік пе, жоқ па, соны анықтаймыз", - деді ол.