19 қыр, 2025 сағат 13:09

Оқушыларға да SMS-хабарлама жіберіп жатыр: Балалардың құқығын қорғау комитеті алаяқтық туралы ескертті

Фото: cnews.ru


Жаңа оқу жылы басталғалы бері алаяқтар балаларға қоңырау шалып, өзін мұғаліммін деп таныстырып жүр, деп хабарлайы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен.


Комитеттің хабарлауынша, «Электрондық күнделікті жаңарту» деген сылтаумен олар SMS арқылы келген бір реттік құпия кодтарды сұрайды. Бала оны ата-анасына немесе мектебіне көмектесіп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Іс жүзінде алаяқтар осы кодтарды пайдаланып, «Электрондық үкімет» жүйесіне, онлайн-банкингке немесе туыстарының банк шоттарына қол жеткізеді.


Осы ретте министрлік SMS-тегі кодтардың жеке мәлімет екенін және оларды ата-анадан басқа ешкімге айтуға болмайтынын ескертті.


Баламен әңгімелескенде ерекше мән беретін жайттар:


қандай жағдайда да SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу;
қоңырау шалған адам өзін мұғалім немесе мектеп қызметкерімін десе де, бірден ата-анасына хабарласу;
күдікті сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу.



Ата-аналар не істей алады:


балаға шынайы мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері ешқашан SMS кодтарын немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіру;
телефонға ата-ана бақылауын орнатып, беймәлім нөмірлерден келетін қоңырауларды қадағалау;
балаңызбен сенімді қарым-қатынас орнатып, осы сынды жағдайды жасырмай айтуға болатынын сездіру.



Күдікті әрекеттер байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе 111 Байланыс орталығына хабарласуға болады. Балаларыңызды қорғаңыздар — олардың қауіпсіздігі сіздің қырағылығыңыздан басталады!, -делінген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті таратқан хабарламада.


Осыған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткен болатын.