20 жел, 2021 сағат 11:00

Оқушылар мен студенттерге Қазақ радиосының бірегей мұрағаттық материалдары қолжетімді болады


ҚР Ақпарат және даму министрлігінің қолдауымен Қазақ радиосының 100 жылдығына орай «Алтын қор. Аманат» аудиожинағы жарыққа шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Аманат» аудиожинағына «Алтын қордағы» құнды хабарлар мен қазақ ән-күй өнерінің інжу-маржаны енгізілген. Жинаққа 1954 жылдан бергі сақталған түпнұсқа аудиолар енгізілді.  «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Алтын қорында» 1940 жылдарынан бері сақталған 110 мыңнан аса тарихи-жәдігерлік бейне және аудиотаспа сақталған. Таспалардың жалпы ұзақтығы 42 мың сағатты құрайды.

Аудиожинақ «Дәуір үні», «Атадан қалған асыл сөз», «Батырлар жыры», «Ән  өнері», «Күй», «Салт-дәстүр» және «Ертегі» деп аталатын 7 бөлімнен тұрады.

«Дәуір үні» бөлімінде М.Ержанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, А.Сүлейменов, Б.Соқпақбаев, Ғ.Мүсірепов, М.Әлімбаев сынды 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып дауыстары түпнұсқада берілді.

«Атадан қалған асыл сөз» бөлімінде 1948 жылдан бастап фольклорға қатысты Қазақстан төңірегінде жүргізілген түрлі экспедициялардағы көнекөз қариялардың шешендік өнер жайындағы сұхбаттары қамтылған. Сұхбаттардың ұзақтығы 35 сағатты құрайды. 

«Батырлар жыры» бөлімінде 50 бірегей нұсқасы жазылған.

«Ән өнері» тарауында Қ.Байжанов, К.Әзірбаев, Қ.Бабақов, Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, Ж.Кәрменов, Ж.Омарова, Ғ.Құрманғалиев, М.Ешекеев, С.Әбеуов сияқты қазақ ән өнері майталмандарының  дауысы сақталған аудиороликтерді тыңдауға болады.

Қазақ радиосының «Алтын қорында» еліміздің біртуар тұлғаларының сыр-сұхбатымен қатар, 1948 жылдан бергі жинақталған қазақ күйінің мол қоры сақталған. Д.Нұрпейісова, Л.Мұхитов, Қ.Жантілеуов, Н.Тілендиев, Ш.Әбілтаевтың орындауындағы 100 күй аудиожинақтың «Күй» деп аталатын тарауына жинақталған. «Сыңсу», Бесік жыры, «Жар-жар», «Беташар», «Жарапазан», Жоқтау» сынды тұрмыстық-ғұрыптық әндері «Салт-дәстүр» бөлімінде қамтылды.  

Қазақ радиосында 1959 жылдан бастап «Ертегі» айдарымен 350 хабар дайындалған. Хабарлар «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» деген атаумен жаңартылып, жинаққа әр жылдары жазылған 100 ертегі нұсқасы енгізілді.

Аудиожинақтың басты ерекшелігі - ұсынылған туындылар арнайы флэш-кардқа жазылған: әр бөлімнің соңындағы QR-код арқылы радио сайтынан және Корпорацияның altynqor.com порталынан жинақтың электронды нұсқасын тыңдауға болады.

Аталған бірегей материал мектеп оқушылары мен студенттерге қолжетімді болуы үшін облыс орталықтары мен еліміздің жоғары оқу орындарындағы кітапханаларға жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның өсіп келе жатқан жас буынына мәдени мұраларды насихаттауға да үлес қосады.