Жаңа оқу жылының басталғаннан бері 22 мыңнан астам оқушыдан коронавирус анықталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа оқу жылының басталуына байланысты министрлік оқушылар арасындағы сырқаттанушылыққа күнделікті мониторинг жүргізуде. КВИ-дің 22 021 жағдайы тіркелді. Бұл оқушылардың жалпы санының 0,6 пайызын құрайды. 160 мыңнан астам байланыста болған адам анықталды. Оның ішінде 1 409 оң нәтиже анықталды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның дерегінше, қазан айында қыркүйек айымен салыстырғанда оқушылар арасында сырқаттанушылықтың 1,2 есеге төмендегені байқалады. Бірінші тоқсанда 15 ауысым және 12 304 сынып карантинге жіберілген.
«Студенттер арасында 2 674 жағдай тіркелді. Оның ішінде 1 948 орта оқу орындарының студенттері арасында және 726 жағдай жоғары оқу орындарының студенттері арасында. Бұл орта оқу орындарындағы білім алушылардың 0,5 пайызын және жоғары оқу орындарындағы білім алушылардың 0,1 пайызын құрайды», - деді Алексей Цой.
