03 там, 2020 сағат 11:57

Өкпе қабынуынан көз жұмғандар саны 1,9 есе артты - Ажар Ғиният

Қазақстанда өкпе қабынуынан қайтыс болғандар саны 1,9 есе артып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өкпе қабынуымен ауырған адам санын жасырып отырған жоқпыз. Ол электронды жүйеде тұр. 1 қаңтардан 2 тамызға дейін ауырғандардың саны 3,3 есе өсті. Ал қайтыс болған адамдардың саны 1,9 есе артып отыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Осы ретте Ажар Ғиният өкпе қабынуынан қаза тапқандардың неліктен статистикаға қосылмағандығын түсіндіріп өтті. 

«Өйткені, 1 тамызға дейін өкпе қабынуы бүкіл дүниежүзі қолданатын аурулардың халықаралық жіктемесіне сай пневмония ауруы ретінде жіктелген. Сөйтіп электронды жүйеге түсіп кетті. Әрбір дәрігер өзі емдеген науқасын жіктеп, жүйеге салып отырады. Ал қазір дәрігерлер көптеген ауруды емдеп, енді-енді әл жинап жатыр десем, өтірік емес», - деді вице-министр. 

Оның дерегінше, 2019 жылдың 1 қаңтары мен 2 тамыз аралығында елімізде өкпе қабынуынан 2 033 адам қайтыс болған. Ал осы жылдың дәл осындай кезең ішінде 4 042 адам өмірден озған.