Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары С.Полатов және осы ұйымның аудандық бөлімшелерінің басшылары М. Қарақұлов және А.Махатайды қамауға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдіктілер «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында жұмыссыз азаматтарды кәсіби дайындау және қайта дайындау бойынша мемлекеттік сату келісімдерін жасау үшін заңды тұлғалардан бопсалау жолымен үздіксіз пара алып келген.
Қылмыстық топ 2016-2017 жылдар аралығында қызмет жүргізген. Олар жасалған келісімнің сомасына қарай 20%-ынан 30%-ына дейін, яғни 3 миллионнан 20 миллионға дейін пара алып отырғандығы анықталды.
15 қыркүйек күні 6,4 млн теңге көлемінде келесі параны алу үстінде А. Полатов, М. Қарақұлов және А. Махатай ҚР ҚК 128-бабына сәйкес ұсталып, Шымкент ІІД уақытша ұстау оқшаулағына жеткізілді.
18 қыркүйекте күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.