Фото: elements.envato.com
Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты «ӨКМ операторы» басшылары мен бұрынғы экология вице-министріне үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сот ӨКМ-нің үш басшысы 2016 жылдан бастап кезекпен экология вице-министрінің (бұрын ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы болған) қолдауымен бірнеше рет аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлағанын анықтаған.
"Жымқыру қолданыстан шыққан көлік құралдарын артық құны бойынша кәдеге жарату жөніндегі үлестес компанияның қызметтеріне негізсіз ақы төлеу жолымен жасалған. Келтірілген залалдың жалпы сомасы - 26,8 млрд теңге.
Сонымен қатар Экология вице-министрі өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, кабельдік өнімдерді өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін енгізген заңсыз бұйрыққа қол қойған. Соның салдарынан 325 млн теңгеден астам залал келтірілген.
Осы кезеңде «ӨКМ операторы» ЖШС басшылары бұрынғы вице-министрдің көмегімен ЖШС шотындағы 180 млрд теңгені ұрламақ болған. Сотталғандар Қазақстан аумағында аффилиирленген компания - 6 қоқыс өртейтін зауыт салу кезінде ұрлық жасауды жоспарлаған. Олар бұл құрылысты қаржыландыруды 2022 жылға арналған инвестициялық саясатты іске асыру жөніндегі іс-шараларға негізсіз енгізген" - делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ, ЖШС басшысы К. және құрылтайшысы М. (іздеуде) коммерциялық ұйымдағы басқару функцияларын пайдаланып, өкілеттіктерін асыра пайдаланып, дивидендтер алу желеуімен жалпы сомасы 920 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырған.
Сотталғандардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындыларымен, мамандармен және аудиторлық қорытындылармен дәлелденіп, келтірілген шығын көлемі 28,2 миллиард теңге көлемінде белгіленген.
"Сот үкімімен 2016-2019 жылдары ЖШС директоры болған К. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 250-бабының 1-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
ЖШС-ның 2019-2022 жылдар аралығында директоры болған Қ. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 24-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тағы бір айыпталушы П.-ға Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 24-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 5-бөлігі, 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қаржы директоры Т. ҚК-тің 250-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2021 жылғы 7 желтоқсандағы ҚР Заңының 3-бабының 1) тармағы негізінде оған жазасы ½ -ге қысқартылды және коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қаржы директоры болған Т. Қылмыстық кодекстің 250-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2021 жылғы 7 желтоқсандағы ҚР Заңының 3-бабының 1-тармақшасы негізінде оның жазасы жартылай қысқартылды және коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді" - делінген хабарламада.
Сот мәліметінше. ҚР Президентіне сотталғандар К., П. және К.-ны мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс та енгізіледі. Сондай-ақ «Ж» акционерлік қоғамдастығының пайдасына 28,2 млрд теңге сомасында азаматтық талап қою қанағаттандырылды. Одан бөлек сотталғандардың қылмыстық жолмен алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.