17 ақп, 2020 сағат 08:58

Облыс әкімдерінің орынбасарлары жалақы берешегі мәселелерін бақылауға алуы тиіс - министр

Облыс әкімдерінің орынбасарлары жалақы берешегі мәселелерін бақылауға алуы тиіс. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, 2019 жылы 9,5 мың жұмыс берушіні тексеру нәтижесінде 11,3 мыңнан астам бұзушылық жойылды. 41 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалды. Оларға еңбекақы бойынша 5,4 млрд теңгеден астам берешек төленді. Дегенмен, жалақы бойынша берешек проблемасы әлі де сақталып отыр. Өткен жылғы 31 қаңтарға берешек 89 кәсіпорында 1,2 млрд теңгені құрады. Банкротқа ұшыраған немесе оңалтудағы 53 кәсіпорында 755 млн теңгені құраған берешек ерекше алаңдаушылық тудырады.

«Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету — тағы бір маңызды мәселе. Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған Өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. 2,6 мыңнан астам кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізді, 2 мыңнан астам өндірістік нысан аттестатталды. Ішкі бақылауды 15 мыңнан астам өндірістік кеңес жүзеге асырады. Нәтижесінде жазатайым оқиғалар саны 8,8 пайызға төмендеді. Зардап шеккендер саны 1 430 адамды құрады, оның ішінде 180 адам қаза тапты», – деді Біржан Нұрымбетов.

Біржан Нұрымбетов 2019 жылғы 17 маусымда Женевада Еңбек министрлігі Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету туралы меморандум жасалғанын айтты.

«Республиканың 137 кәсіпорны осы тұжырымдамаға қосылды. Бұл жұмысты барлық өңірлерде жандандыру керек. Облыс әкімдерінің орынбасарларын еңбекті қорғау, жалақы бойынша берешекті бақылау мәселелерін бақылауға алуды сұраймын», – деп атап өтті министр.

Министрдің айтуынша, 2019 жылдың мамыр айында еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу бойынша кешенді жоспар қабылданған. 2020 жылғы 1 қаңтарда ұжымдық шарттармен ірі және орта кәсіпорындардың 96,5 және шағын кәсіпорындардың 42,7 пайызы қамтылған. Қызметкерлерді қысқартуға жол бермеу мақсатында әкімдіктер мен өңірлер кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалады.