31 қаң, 2020 сағат 11:00

Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің Бюро отырысы өтті

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның Бюро отырысы өтті. Онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, – деп хабарлайды өменгі палатаның баспасөз қызметі.

Алдағы сәрсенбіде Мәжіліс депутаттары лотереялар және лотерея қызметі мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда талқылайды деп күтілуде.

Сондай-ақ, екінші оқылымда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобасын назарға алатын болады.

Осы күні бірқатар ратификациялық құжаттар да талқыланады. Олардың қатарында 2006 жылғы 6 қарашадағы Армениямен Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенция және оған Хаттама шеңберінде Қазақстан және Армения уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы, сонымен қатар, Бразилиямен сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялауға қатысты заң жобалары бар.

Бюро отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Жолдауын және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру шеңберінде «Қалалық және ауылдық мектептердегі орта білім берудің сапасы. Проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында парламенттік тыңдау өткізу мәселесі де назардан тыс қалмады.