28 нау, 2019 сағат 13:57

Нығматулин тікұшақ апатынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палата депуттарының атынан Қызылорда облысында орын алған оқиға салдарынан қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қызылорда облысында қайғылы оқиға орын алды. Жауынгерлік міндетін атқару барысында 13 әскери қызметші көз жұмды. Осы қайғылы жағдайға байланысты барлық депутаттардың атынан тік ұшақ апатынан  көз жұмған жауынгерлердің отбасыларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», - деді Палата спикері.

Бюро отырысында Мәжілістің алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы қаралды.

Палатаға бірінші оқылымда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты заң жобасын қарау ұсынылады. 

Заң жобасы кондоминиум объектілерін басқару және күтіп-ұстау бойынша қызметті, оны ресімдеу тәртібін, ортақ мүлікті күрделі жөндеу үшін ақша қаражатын жинауға, осы процестерге меншік иелерінің өздерінің қатысуын, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясын тартуға бағытталған.

Сонымен қатар, депутаттардың талқылауына «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылады.

Келісім ҚХР-мен анағұрлым тығыз сауда-экономикалық әріптестікке біртіндеп жылжу үшін негіз болуға тиіс. Келісім ақпарат алмасуды дамыту, кедергілерді анықтау және Қытаймен өзара сауданы ілгерілету құралы болуға арналған, сондай-ақ қосымша әлеуетті ынтымақтастық салаларын іздеуге ықпал ететін болады.