14 ақп, 2018 сағат 11:18

Нығматулин: "Рейтинг қуып, құрылысты қадағалауды ұмытып кетпейік!.."

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика министрлігі ұсынған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымға дейін жіті зерттеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, Ұлттық экономика министрі бүгінгі Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы бойынша баяндама  жасаған болатын. Министр Қазақстанда бизнесті мемлекеттік қадағалаудың жаңа институтын енгізуді ұсынды. Ұсыныс бойынша тың институттың қазіргі қолданыстағы жүйеден артықшылығы - әкімшілік өндіріссіз құқық бұзушылықтың алдын алу мен ескерту болып табылады.

«Заң жобасын қарадым. Тимур Серікұлы (ҚР Инвестициялар және даму вице министрі -авт.) мен білсем құрылыстың барлық стандарттарына сіздер жауаптысыздар. Солай ғой... Қараңыздар, жеке тұрғын үй салуда барлық қадағалауды алып тастауды сұрап отырсыздар. Әлбетте, Ұлттық экономика министрлігі сіздерді қысып, рейтингте өсуді ойлап отыруы мүмкін. Әр түрлі министрліктер де екі-үш бақылауды алып тастауды көздеуі ықтимал», - дейді Мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин пайымын шегелей түсті.

«Заң жобасы аясында біз жеке тұрғын үй салуда барлық қадағалауды алып тастадық делік. Менің түсінбей тұрғаным - мемлекеттік үйлерді салып жатырмыз, онда біздің азаматтар тұрып жатыр. Біз олардың қауіпсіздігін ойлап отырмыз. Ал жеке тұрғын үйлерде тұрғандар - біздің азаматтар емес пе!? Бізде мұнда Төтенше жағдайлар бойынша вице-министр бар ма? Ал сіздер бұған қалай қарайсыздар? Ертең бірдеңе болып жатса, сіздер ол орынға келіп алып, кезінде құрылыстың дұрыс жүргізілмегенін алға тартасыздар ғой...», - деп Нұрлан Нығматулин ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сауал жолдады.

Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин заң жобасын әзірлеу жұмысына өз ведомствосының мүлде қатыспағанын алға тартты.

«Міне көрдіңіздер ме? Келесі жағдайды келтірейін. Жеке тұрғын үй деген нені білдіреді? Бір немесе екі қабатты үй болса бірсәрі. Күні ертең тоғыз қабатты жеке тұрғын үйлер де бақыланбайтын санатқа кіріп кетуі мүмкін. Ол да айналып келгенде бақылау жүргізуден тыс қалады. Ақыр аяғы не болады? Күні ертең олар «картонды үйлер» болып шыға келгенде біз болсақ «рейтингті қуып олардан бақылауды алып тастағанбыз» деп айтамыз ба?! Тимур Серікұлы бәлкім екінші оқылымға дейін заң жобасын қайта қарау керек шығар. Рейтингті қуып, әсіресе сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылысты қадағалаудан қалып қалмайық», - деп түйді Мәжіліс төрағасы.