Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин құжат жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленгенін еске салды.
«Осыған орай, Мәжіліс депутаттары бастамашы болған осы заң жобасында алғаш рет «парламенттік оппозиция» деген ұғым енгізілді. Бұл Парламент тарихында бұрын болмаған, бірақ та, уақыт талабына сай жасалып отырған өте қажетті қадам. Себебі, Парламенттік оппозиция - демократияны одан әрі нығайтуға, Парламент жұмысын дамытуға, сонымен бірге, ашық және еркін қоғамды қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Сондықтан, дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, осы заң аясында, тиімді парламенттік оппозиция қалыптастыру керек деп есептейміз», - деді Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасының негізгі мақсаты - парламенттік оппозиция институтын қалыптастыруды реттеу саласында құқықтық негіздерді қамтамасыз ету болып табылады.
Заң жобасына сәйкес, парламенттік оппозицияға өз депутаттарының арасынан ҚР Парламенті Мәжілісі тұрақты комитеттерінің төрағалары лауазымына кандидатура ұсыну құқығы беріледі.
Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, тұрақты комитеттердің бірінің төрағасы парламенттік оппозиция депутаттарының арасынан сайланатыны туралы ережені бекіту ұсынылады.
Жұмыс тобы аясында заң жобасын талқылау кезінде депутаттар түзетулер енгізді. Бұл түзетулерге сәйкес, парламенттік оппозиция Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің хатшылары лауазымына кандидатура ұсынуға да құқылы болады. Бұл ретте, екі тұрақты комитеттің хатшылары парламенттік оппозиция ұсынған депутаттар арасынан сайланады.
«Ұсынылып отырған жоба парламенттік оппозиция қызметінің және партиялық пікірталастардың берік кепілдігін қалыптастырып, елдің демократиялық дамуында едәуір қадам болады деп санаймыз. Мемлекет басшысына маңызды саяси шешім қабылдағаны үшін, заң жобасын талқылауға қатысқан азаматтар мен сарапшыларға, сонымен бірге жұмыс тобы мүшелеріне алғысымызды білдіреміз», деді Азат Перуашев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мақұлданды.
Заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы заңнамада «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдарын бекіту бойынша құқықтық негіздерді қамтамасыз ету.