11 нау, 2020 сағат 09:39

Нығматулин өз тілінде жауап бере алмаған шенеунікті сынға алды

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен xөткен Мәжілістің жалпы отырысында  Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы және оған ілеспе заң жобасымен бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке цифрландыруды белсенді жылжыту жағдайында әкімшілік әділетті енгізуге қатысты мемлекеттік тілде бірқатар сұрақтар қойды. 

Дегенмен Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап бермеген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекті сынға алды. 

- Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе де жағдай жасалған. Бірақ та басқа ұлттың азаматтары қазақ тілінде сайрап  тұрғанда, Сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес - деді, Нұрлан Нығматулин.  

Кодекс жобасының негізгі мақсаты – азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді бекіту және билік органдарымен бірге жоғары тұрған орган мен сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу болып табылады.