Бүгін Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Тұрғын-үй саясаты әрқашанда күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екені баршаңызға белгілі. Осы жолда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, мақұлданған бүгінгі Заң жобасы аталған саладағы сұрақтарды уақыт талабына сәйкес, одан әрі, тиімді шешуге ықпал етеді деп білеміз. Себебі, енді, Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады. Ол халқымызға, соның ішінде, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар арасында қолжетімді баспана мәселесін шешуге кең жол ашатын болады», - деді Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасы тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторлары «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ны Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге, сондай-ақ олардың бірін-бірі қайталайтын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған.
Нәтижесінде, жалпы әкімшілік шығындар 42% - ға азаяды.
Осы ретте Мәжіліс төрағасы негізгі басымдықтар мұғалімдерге, дәрігерлерге, бюджет ұйымдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ орташа табыс деңгейі және орташадан төмен мемлекеттік қызметшілерді қамтитынын атап өтті.
«Жалпы, бірыңғай оператор құру біздің азаматтарымыз үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тұрғын үй саясатын қалыптастыруға ықпал етеді», - деді Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасында Қазақстан Республикасының 3 кодексі мен 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.
Сонымен қатар құжат жобасында тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының ипотекалық тұрғын үй қарыздарына және көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға кепілдіктер беру, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру жөніндегі қызметін регламенттеу бойынша да нормалар көзделген.