Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша жаңа заң жобасынан бәсекелестік ортасын жетілдіруге кедергі келтіретін нормаларды алып тастауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейінгі кезде отандық нарықта бәсекелестік ортасы айтарлықтай нашарлап кетті. Бүгінгі күні АҚ пен ЖШС секілді 24 кәсіпорын түрі монополиялық түрде бағаны реттеу мәселесін қолға алып алған. Бұл керек десеңіз Үкімет отырысында да жеке талқыланатын мәселеге айналды. Осы жылдың қаңтар айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент нарықтағы мемлекеттік қана емес, жеке кәсіпорындардың да монополиясын ерекше атап өтіп, демонополизация бойынша нақты тапсырмаларды берген еді. Ал сіздер не ұсынып отырсыздар? Сіздер оған қарсы ұсыныстарды енгіздіңіздер», - деді Нұрлан Нығматулин Үкімет басшысының орынбасары- Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа қарата айтқан сөзінде.
Мәжіліс Төрағасы жаңа заң бойныша нарық субъектілеріне конкурстық тәртіп көзделетініне қатысты нақты жұмыстар барын да айтып өтті.
«Бірақ сіздер ұсыныс отырған тың ұсыныстар мемлекеттік мекемелерге, тіпті аудан әкімдіктеріне дейін жаңа монополияларды құруға жол ашқалы отыр. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына қайшы келеді ғой. Әріптестерімнің уәжімен келісемін. Керексіз норманы заң жобасынан алып тастау керек», - деді ол Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.
Мәжіліс Төрағасының бұл ескертпесімен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов келісетінін жеткізіп, заң жобасын екінші оқылымда түзейтінін мәлім етті.
Еске сала кетсек Руслан Дәленов бүгін Мәжілісте Қазақстандағы бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша жаңа заң жобасын таныстырған болатын.