02 жел, 2020 сағат 08:03

Нұржан Әлтаев «Nur Otan» партиясы қатарынан шығарылды

Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев «Nur Otan» партиясы қатарынан шығарылып, депутаттық өкілеттігі тоқтатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Б. Әлтаевтың өкілеттігін тоқтату туралы құжатты қабылдады. 

«ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың өкілеттігі оның «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылғаны туралы «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 1 қаулысына байланысты тоқтатылсын», - делінген құжатта. 

«Nur Otan» партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті. Онда партия мүшесі Нұржан Әлтаевтың Партия Жарғысы мен партия мүшесінің Этика кодексін сақтауы мәселесі қаралды», - деп жазды Мәжіліс депутаты Павел Казанцев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Оның сөзіне қарағанда, отырыс қортындысы бойынша «Nur Otan» беделін түсіретін әрі оның мүддесіне нұқсан келтіретін іс-қимылдар жасағаны үшін Н. Әлтаевты партия қатарынан шығаруды «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросына ұсыну шешімі бірауыздан қабылданды. Бұл тұрғыда оның бірқатар мәлімдемелері мен жаңа саяси партияны құру ниеті талқыланды. 

Осы орайда «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросы аталған ұсынысты қолдап, оны тиісті отырыстақарастырып, Н. Әлтаевты партия қатарынан шығарды.