Польша Қазақстан азаматтары үшін де визасыз режим енгізгендігін қалаймыз. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша президенті Анджей Дудамен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасау барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азиядан Еуропаға және кері бағытта жүктерді жеткізуді жеделдету үшін заманауи көлік инфрақұрылымын жасау барысында бір-бірімізге көмек көрсетуге дайынбыз. 28 мамырда Астана мен Варшава арасында тікелей әуе байланысының ашылуы да ұзақ күткен оқиға болды. Біз екі ел арасындағы виза режимін алып тастадық және поляк тарапынан да соны сұраймыз», - деді Елбасы Польша президентіне қарата.
Қазақстан Президенті поляк әріптесімен өткен келіссөздер барысында білім және ғылым мәселесіне де баса назар аударылғандығын, бүгінде 700-ден астам қазақстандық Польшаның жоғары оқу орындарында білім алып жатқанын айтты.
«Сонымен қатар ғылым-білім, мәдени-гуманитарлық деңгейді дамытуды қолдаймыз әрі біздің серіктестігімізді жандандыруды да естен шығармаймыз. Бұл ретте Қазақстанда тұрып жатқан 32 мың поляк диаспорасының рөлі ерекше. Олар біздің азаматтарымыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Польша президенті Анджей Дуданың сапары қазақстандық-поляк қарым-қатынасына тың серпін беріп, екі халықтың игіліне қызмет ететіндігіне сенімді екендігін атап өтті.