25 жел, 2017 сағат 17:00

Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақ-Қырғыз шекарасын шегендеді

Бүгін Ақордада Қазақ-Қырғыз шекарасын шегендеу туралы шарт рәсімделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу  туралы шартқа қол қойды.

«Бүгін Қазақстан-қырғыз ынтымақтастығын одан ары нығайтуға бағытталған маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылды. Ол мемлекеттік шекараны шегендеу туралы, сонымен қатар мемлекеттік шекара режімі туралы келісімдер», - деп атап өтті құжаттарға қою рәсімінен кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы шекараны шегендеу мен мемлекеттік шекара режімін енгізу мәселесі ұзақ уақыттан шешім таппай келгенін айтты.  

«Бұл мәселені қолға алған Сооронбай Шәріпұлына ризашылығымды білдіремін және бүгін біз қол қойдық. Аталған құжаттарға қол қою біздің шекарамыздың бойындағы бүкіл мемлекетаралық құқықты рәсімдеуді аяқтайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Қырғыз Президенті де тарихи құжатқа қол қойылғандығын атап өтті. 

«Біз екі елдің арасындағы мемлекеттік шекараны заңды түрде рәсімдеуді аяқтадық. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараның сенім, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың қақпасына айналарына сенімдімін», - деді Қырғыз Президенті.

Сонымен қатар ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов  пен Қырғыз Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Ұларбек Шаршеев Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режімі туралы келісімді бекітті.