17 шіл, 2018 сағат 15:12

Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин бес жылда 14 рет кездескен - Global Times

Қытайдың ағылшын тіліндегі белді басылымдарының бірі Global Times ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 жылдағы кездесулері туралы инфографика жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

«2013 жылдан бастап ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен 14 рет кездескен. Ол «Жібек жолы экономикалық белдеуін» қалыптастыру бастамасын алғаш рет бес жыл бұрынғы сапарында Қазақстанда айтты», - деп жазады басылым. Инфографикада екі мемлекет басшыларының кездескен жері мен датасы көрсетілген: 2013 жылғы 6 сәуір (Боао Азия форумы), 2013 жылғы 7 қыркүйек (Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары), 2014 жылғы 23 наурыз (Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит, Гаага), 2014 жылғы 19 мамыр (Н. Назарбаевтың Қытайға сапары), 2014 жылғы 12 қыркүйек (ШЫҰ саммиті, Душанбе), 2015 жылғы 7 мамыр (Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына сапары), 2015 жылдың шілдесі (ШЫҰ саммиті, Уфа), 2015 жылғы 31 тамыз (Н. Назарбаевтың ҚХР-ға сапары), 2016 жылдың наурызы (Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит, Вашингтон), 2016 жылғы 24 маусым (ШЫҰ саммитіндегі кездесу, Ташкент), 2016 жылғы 2 қыркүйек (Н. Назарбаевтың ҚХР-ға сапары), 2017 жылғы 14 мамыр («Бір белдеу, бір жол» Жоғары деңгейлі форумындағы кездесу), 2017 жылғы 8 маусым (Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына сапары), 2018 жылғы 7 маусым (Н. Назарбаевтың ҚХР-ға сапары, Циндаодағы ШЫҰ саммиті).

Еске сала кетейік, 2018 жылдың қыркүйегінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына 5 жыл толады.