03 шіл, 2017 сағат 10:28

Назарбаев Қазақстан дипломаттарын кәсіби мерекелерімен құттықтады

Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйым өкілдіктерінің басшыларымен дәстүрлі кездесуін өтізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшыларымен жылда өткізілетін дәстүрлі кездесуімізді өткізгелі отырмыз. Дегенмен қазіргі шараның орны ерекше деп санаймын. Бұл еліміздің сыртқы саясатының мерейтойлы жылында өтуде. Осыдан дәл 25 жыл бұрын мен қазақстандық дипломатиялық қызмет құру туралы Жарлыққа қол қойып, Қазақстанның сыртқы саясат жүйесін тағайындған болатынмын. Қазіргі таңда 2 шілде, кешегі күн Қазақстанның дипломатиялық қызмет күні деп аталатын ерекше мерекеге айналды. Осыған байланысты мен Қазақстан дипломаттарын шын жүректен осы мерекемен құттықтаймын. Істеген жұмыстарына алғысымды білдіремін», - деді кездесуді ашқан Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің сырт әлеммен байланыс жасау тәжірибеміз қалыптасқандығын атап өтті.

«Қазақстанның өз дипломатиясы болмаған. Дипломатиялық кадрлар да болмған еді деп айтуға болады. Бұл мәселеге бір жағынан елдегі қиын әлеуметтік-экономикалық жағдай қосылды. Сондықтан біз қиын жағдайда, жоқ жерден жаңа дипломатиялық жүйе құрып, өз елшілеріміздің дүниежүзінің елдерінде тағайындау мүмкіндігін алдық. Енді міне ширек ғасырдан кейін отандық сыртқы саясат қалыптасты. Ол елдің игілігіне жұмыс істеп жатыр деп айта аламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.