Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сочи Олимпиадасының жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекет басшысының жеделхатын әйгілі спортшыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді.
«Қазақстандық танымал спортшы, 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиаданың қола жүлдегері, Денис Юрьевич Теннің қазасын қабырғамыз қайыса қабыл алдық. Мен Сіздердің қайғыларыңызға ортақпын. Бұл орны толмас өкініш, әрине. Денис қазақстандық мәнерлеп сырғанау мектебінің қалыптасып, дамуына, қазақстандық спортты әлемдік деңгейге шығаруға өлшеусіз үлес қосқан азамат. Оның үлкен жетістіктері елімізді әлемге танытып, жастардың спортқа деген ынта-ықыласын арттырды. Денис - танымал спортшы, әлем халқы мойындап, қадір тұтқан дарын иесі ғана емес, ешкімге ұқсамайтын еркше тұлға, Қазақстанның патриоты болатын. Денис Юрьевичтің бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады», - делінген жеделхатта.
Айта кетейік, бүгін Алматы мен Астана халық Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Қылмыскер пышағынан ажал құшқан өнерлі жігітпен қоштасуға Алматы мен Астанадағы қаралы жиындарға мыңдаған адам жиналды.
Денис Тенмен қоштасу рәсімі өткен Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен Астанадағы "Барыс-Арена" спорт кешеніне сенбі күні келген адамдардың қарасы көп болды. Жиналғандардың арасында Қазақстанның спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері, марқұмның дос-жарандары, ресми тұлғалар, БАҚ өкілдері мен қарапайым адамдар бар.
Еске сала кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.