"Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы бастапқы жинақсыз баспана алғысы келетін қазақстандық отбасы ай сайын 150-200 мың теңге аралығында табыс табуы қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Министрлік өкілі тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларының биыл бір миллионға жеткенін атап өтті және өңірлер мен басты қалалардағы баспана бағасын салыстырды.
"Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспананың әрбір шаршы метрі өңірлерде 140 мың теңгені құрайды. Ал Астана мен Алматыда, Ақтау, Атырау қалаларында - 180 мың теңге. Сәйкесінше, елу шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер аймақтарда 7 млн теңге және Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 9 млн теңге. Демек, орташа табысы 150-200 мың теңгені құрайтын отбасы ай сайын 50-70 мың теңгеден төлей алады. Осылайша, 7-10 жыл аралығында пәтер құнын толық өтеуге болады", - деп жауап берді М.Жайымбетов ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына.
Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов «Нұрлы жер» бағдарламасының 10 айдағы қорытындысын жариялады.
Жыл басынан бері Қазақстанда барлық қаржыландыру есебінен 8,8 млн шаршы метр (77 мың баспана) пайдалануға берілген. Атап айтқанда, 5,1 млн шаршы метр (56,7 мың пәтер) көпқабатты тұрғын үй және 3,7 млн шаршы метр (24,1 мың пәтер) жеке тұрғын үй тұрғызылған.
Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша алдыңғы қатарда Астана (2,2 млн ш.м), Алматы (1,2 млн ш.м) қалалары мен Маңғыстау (676 мың ш.м), Атырау (555 мың ш.м) және Оңтүстік Қазақстан (525,5 мың ш.м) облыстары тұр.