12 жел, 2016 сағат 08:58

«Нұрлы жер» аясында 1,5 млн-нан астам баспана салынады – ҰЭМ

Бүгiн Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен үкiмет отырысы өтiп жатыр. Отырыста ҚР Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев Бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасының тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесiнде 1,5 млн-нан астам тұрғын үй салынады. Яғни, осынша отбасы тұрғын үй мәселесiн шеше алады деген сөз. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшiн облыс орталықтарында жаңа пилоттық тәсiлдi қолдану ұсынылады, оның негiзгi мiндеттерi мынадай: бiрыңғай құрылыс салушы арқылы бiрыңғай сәулеттiк үлгiде жеке тұрғын үй салу, ҮҚК технологияларын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету, кезекте тұрған азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнен жеңiлдiкпен қарыз беру арқылы жеке тұрғын үй құрылысын қаржыландыру», - дедi Қ.Бишiмбаев.

Министрдiң айтуынша, пилоттық жобаға қатысатын кезекте тұрған азаматтар жер учаскесiмен бiрге және инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым жүргiзiлген дайын үйдi өздерi сатып алуға немесе оны сатып алу үшiн Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнен несие алуға құқылы.