08 сәу, 2019 сағат 15:22

Нұрлан Нығматулин Қатарда екі жақты кездесулер өткізді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қатарда өтіп жатқан Парламентаралық Одақтың 140-шы Ассамблеясының қатысушыларымен парламентаралық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады. 

Парламентаралық одақтың төрағасы Габриела Куэвас Барронмен әңгіме барысында Қазақстан Парламенті аталған ұйыммен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ынталы екені айтылды.

Мәжіліс төрағасының пікірінше, бүгінгі күні әлемнің 178 елінен Парламент өкілдерін біріктіретін парламентаралық Одақ заңнамалық тәжірибе алмасу үшін және құқық қолдану тәжірибесінде қажетті диалог алаңы.

Нұрлан Нығматулин  Қатар Консультативтік Кеңесінің Басшысы Ахмад бен Абдалла бен Заид Аль Махмудпен кездесу барысында Қатар Мемлекеті Қазақстанның маңызды серіктесі екенін, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған біздің саяси  бағытымыз одан әрі жалғасатынын және мемлекеттеріміздің өзара байланысы әрі қарай тереңдей беретінін айтты. Мәжіліс Спикері атап өткендей, екі елдің Парламент өкілдерінің арасындағы байланыстарды тереңдету ынтымақтастық топтары мен тиісті комитеттердің өзара кездесулері арқылы жалғаспақ.


Ал, Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері Жиналысы Тұрақты Комитеті төрағасының орынбасары Шэнь Юэ Юэ-мен әңгімелесу барысында Мәжіліс Төрағасы «Нұрлы жол» бағдарламасының «Бір белдеу, бір жол» жобасы бойынша бірлескен жұмысының нәтижелеріне назар аударды. Бұл «Қорғас» құрғақ порты, Ақтау порты, «Қазақстан - Түрікменстан - Иран» жаңа теміржол дәлізі; «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі. Тараптар ортақ міндеттерді шешу жолында қазақстандық және қытайлық Парламент өкілдерінің екі жақты және халықаралық парламенттік ұйымдар шеңберінде ынтымақтастығы одан әрі арта беретініне сенім білдірді.

Нұрлан Нығматулиннің Бельгия Парламенті Өкілдер Палатасының Төрағасы Зигфрид Бракемен кездесуінде қолжеткізілген парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту туралы айтылды.


Мәжіліс Спикері атап өткендей, жыл сайын өткізілетін «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің отырыстары парламентшілерге өзекті мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасуға, сондай-ақ заңнамалық қызметтің тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді.

Барлық кездесулерде Палата Спикері Нұрлан Нығматулин  әріптестерін ағымдағы жылдың 23-24 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деген Еуразия елдері парламенттері Спикерлерінің  IV Кеңесіне қатысуға шақырды. 

Парламентаралық Одақтың 140-шы Ассамблеясы аясында Мәжіліс төрағасы Армения, Бангладеш, Вьетнам, Иран, Македония, Мальта және Түркиялық әріптестерімен келіссөздер жүргізді.

- Осы Қатар мемлекетінде өткен барлық кездесулерде Парламент өкілдері қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің төртінші Кеңесіне ерекше ықылас көрсетіп отыр. Бұл - ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделі және әлемдік саясаттағы рөлі өте жоғары екенінің  тағы бір нақты көрсеткіші,  тағы бір  нақты дәлелі деп санаймыз, - Нұрлан Нығматулин кездесу қорытындысында.