10 қаз, 2024 сағат 12:44

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы мен Абайдың 180 жылдығы: «Алатау» театрынан ерекше қойылымдар


«Алатау» дәстүрлі өнер театры — еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауды басты мақсаты ретінде ұстанатын өнер ордасы. Театрдың алдағы жаңа маусымында бірқатар қызықты жобалар мен іс-шаралар жоспарланып отыр. Жаңа қойылымдар, халықаралық сахналарда өнер көрсету және шет елде біліктілікті арттыру бағдарламалары театр ұжымының жоспарларында бар.

2025 жылға жоспарланған шаралардың қатарында:

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған музыкалық драма. Ұлттық өнерге ерекше үлес қосқан композитор Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арналған музыкалық драма қойылады. Бұл қойылым ұлы тұлғаның өнері мен мұрасына терең бойлап, оның шығармашылығын жаңа қырынан ашып көрсетуге бағытталған.

«Атымды адам қойған соң» — Абайдың 180 жылдығына арналған музыкалық театрландырылған композиция. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай театр ерекше қойылым дайындауда. Бұл спектакль арқылы Абайдың ойшылдығы мен адамзатқа арналған үндеуінің мәңгілік құндылығын тағы да еске түсіреді.

Қорқыт баба туралы драма. Түркі дүниетанымының негізін салушылардың бірі Қорқыт баба туралы драма да 2025 жылғы маусымда сахналанады. Бұл қойылымда көрермендерге түркі халықтарының философиялық ойлары мен рухани мұралары ұсынылады.


Театрдың халықаралық деңгейдегі жетістіктері де мақтанарлық. 2025 жылы «Алатау» театры бірқатар беделді халықаралық театр фестивальдеріне қатысу мүмкіндігіне ие болды:

А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театрлар фестивалі (Мәскеу)

Бұл фестивальге театр «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» атты саундрамамен Қазақстан атынан қатысады. Мұндай деңгейдегі іс-шараларда еліміздің өнерін көрсету театр ұжымына үлкен мәртебе болып табылады.

Авиньон фестивалі (Avingnon, Еуропа)

Театрдың тағы бір қойылымы — феерия жанрындағы «Құлан» да халықаралық деңгейде өнер көрсетеді. Бұл қойылым еуропалық көрерменге қазақ өнерінің ерекшелігін танытады.

«Алатау» театрының қызметкерлері өз шеберліктерін жетілдіру мақсатында шет елдерде тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. 2025 жылы театр мамандары Еуропа мен Ресейге жіберіліп, сол жақтағы үздік өнер ордаларында біліктіліктерін арттыруға жіберіледі. Бұл — театр қызметкерлері үшін өнер саласындағы жаһандық тәжірибелерді меңгеруге зор мүмкіндік.

Жаңа маусымның ашылуы

Алдағы VIII театр маусымы «Alatau FM radiosy» атты көңілді музыкалық комедиясымен басталады. Бұл қойылымда Алматы қаласы туралы шытырман оқиғалар мен әзіл-қалжыңға толы кейіпкерлердің күнделікті өмірі суреттеледі. Қойылымның ерекшелігі — жанды дауыста орындалатын әуендер мен өмірдің түрлі сәттерінде кездесетін адамдық қасиеттерді насихаттауы.


«Alatau FM radiosy» комедиясы көрермендерге өз армандарына сенуді, жақындарына құрмет көрсетуді, әрбір күннің қадірін білуді үйретеді. Спектакльдің кейіпкерлері өздерінің жайдары мінездерімен, мықты рухымен көрермендерді шабыттандырады.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының 2025 жылғы маусымы қазақ өнерінің жаңа белестерін бағындыруға бағытталған. Театрдың әрбір қойылымы ұлттық мұра мен заманауи мәдениеттің үйлесімділігін көрсетіп, көрермендерді рухани байытуды мақсат етеді.