17 мау, 2020 сағат 09:00

Нұр-Сұлтанға қонаққа келген шетелдік әйел пәтерді 20 млн теңгеге тонап кетті

Елордада пәтерден 20 млн теңгенің затын ұрлап кетті деген күдікпен шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында пәтерден зергерлік бұйымдар мен танымал брендтердің киім-кешегін қолды қылған Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Тергеу барысында әйелдің пәтерге үй иесінің шақыруымен келгені анықталды. Ол ер адамның сеніміне кірген. Келтірілген шығын көлемі – 20 миллион теңге. Ұрланған заттардың ішінде қымбат тұратын швейцар қолсағаты, әшекей бұйымдар, киім мен басқа да заттар бар», - деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомство мәліметінше, күдікті пәтер ұрлығын жасағанын мойындаған. Қазір ол уақытша оқшаулағышта отыр. ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Шетел азаматының басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.