12 қаз, 2021 сағат 20:33

Нұр-Сұлтандағы театр фестивалінде жиырмадан астам спектакль қойылады


Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада «ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week» театр фестивалі өтеді. Оған қаланың және шетелдің 11 үздік ұжымы қатысып, 20-дан астам қойылым көрсетеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Театр фестивалі елордада 28 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. «Астана Опера» театры мен қазақ драма театры үздік қойылымдарын көрсетеді. Қ.Қуанышбаев атындағы комедия театры Ә.Мәмбетова атындағы орыс драма театры сондай-ақ, елордалық қуыршақ театрлары, МТЖО, «Жастар», «Наз», «Astana Musical» театры да өз өнерлерін ортаға салды. Фестивальдің құрметті қонақтары ретінде елордаға С.Образцова Кіші Бронная атындағы Мәскеу драма театрының және мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының шығармашылық ұжымдары шақырылды.

Бес күн бойы елорданың театр сахналарында фестиваль қатысушылары өздерінің жетекші спектакльдерін көрсетеді, сондай-ақ шеберлік сыныптары, заманауи және бейнелеу өнерінің көрмелері ұйымдастырылады. Фестиваль бағдарламасына «Қыз Жібек» операсы, «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, «Құнанбай», «Жарқанат», «Ромео мен Джульетта», «Жібек» спектакльдері, «Жизель» балеті және т.б. кіреді.

«Бұл мәдени шараның мақсаты мәдениет қайраткерлерін қолдау, көрермендер үшін де, фестиваль қатысушылары үшін де мерекелік көңіл-күй сыйлау. Бұл фестивальді өткізуге алғаш рет қаланың барлық инфрақұрылымы, оның ішінде шағын және орта бизнес тартылады. Театр апталығы кезінде көрмелер, театр сахнасының жетекші театрлары мен мэтрлерінің түрлі шеберлік сыныптары ұйымдастырылады, сондай-ақ қала тұрғындары арасында спектакльдердің қызықты премьералық қойылымдарына билеттер ойнатылады. Театр апталығын ұйымдастыруға қатысты барлық ақпарат www.visitnursultan.kz сайтында орналастырылады», - деп хабарлады бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елорданың мәдени өмірі айтарлықтай өзгергенін атап өткен жөн. Осы жылдар ішінде қалада 10-нан астам театр ашылды, олардың ұжымдарын елорда мен шет елдердің көрермендері жылы қарсы алады.