Елордада тұрғындарды вакциналауға ынталандыру үшін кейбір сауда орталықтарында жеңілдіктер мен сыйлықтар беріледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, санитарлық талаптарды сақтай отырып, қаланың 9 ірі сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде вакцина егу пункттері ашылды. Олар: «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр», «Сарыарқа», «Әбу-Даби Плаза», «Азия Парк», «Еуразия», «Әлем» және «Мечта». Сауда нысандарындағы вакциналау пункттері демалыссыз таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істейді», - деді Е. Бекмұрзаев елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, тұрғындарды вакциналауға ынталандыру үшін кейбір сауда орталықтарында жеңілдік бағдарламалары мен кәсіпкерлерден сыйлықтар ойнатылады.
«Вакцина алған азаматтар сыйлық ала алады немесе ұтыс ойынына қатыса алады. Мысалы, екпеден кейін «Сарыарқа» СОО-да Actual Optic-тен 5 мың теңгеге жеңілдік купонын алуға болады. Сондай-ақ, бланкті толтырып, Кинопарктен жеңілдік алуға болады. «Азия Парк» СОО-да кәсіпкерлердің жүлделері (тұрмыстық техника, электроника, СОО жалға алушылар атынан сыйлықтар) және т. б. ойнатылады», - деп түсіндірді басқарма өкілі.
Айта кетейік, вакциналау пункттерінде Спутник V, QazVac және Hayat-Vax («Хаят-Вак») вакциналары ұсынылған. Екпе алу үшін енді емханаға тіркелу, алдын ала жазылу немесе порталға тіркелу қажет емес.
