23 там, 2021 сағат 19:48

Нұр-Сұлтанда танымал адамдар қатысқан той полиция назарына ілікті


Нұр-Сұлтан Полиция департаментінің назарына қаладағы қонақүйлердің бірінде болған тойдың видеосы ілікті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Видеоның толық нұсқасы Kozachkov offside телеграм-арнасында жарияланған. 

Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі іс-шара карантин режимін бұзға отырып ұйымдастырылғанын растады.

"Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде полицейлер Instagram желісінде танымал ақын және той жүргізушісі, сондай-ақ мемлекеттік радиостанция тілшісі "Тұсаукесер" мерекесінде түсірген видеоны анықтады. Шара карантинді бұза отырып, қонақүй кешенінің банкет залында өткізілгені анықталды", - деді полиция қызметкерлері.

Ведомство мәліметінше, мекеме иесіне және іс-шараға қатысушыларға қатысты жиналған материал әкімшілік шара қолдану үшін Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне жіберілген.