Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова шаһар бойынша неше бала, жүкті және бала емізетін әйел Pfizer вакцинасын алатынын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаламызда 12 жастан 18 жасқа дейінгі 110 мың бала бар. Оның ішінде 63 мыңға жуық бала вакциналауға жатады. Жүкті және бала емізетін әйелдер шамамен 27 мың. Вакцинацияға қарсы жүктіліктің ауыр өтуі, аллергиялық реакция сияқты көрсетілімдер бар. Егер жүкті әйелдердің жағдайы мүмкіндік бермесе, түрде вакциналау мүмкін емес», - деп түсіндірді Әлия Рүстемова.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында аталмыш екпенің 219 мың дозасын 115 мың адамға салу жоспарланған. Вакцинаның бір құтысы 6 дозаға, яғни 6 адамға есептелген.
Басқарма өкілдері бұл қос компонентті емес, қарапайым вакцина екенін еске салды. Бірақ екі кезеңге бөлінеді, яғни олар 21 күн аралығымен екі рет салынады. Мамандар балаларды вакциналау үшін ата-аналардың бірінің келісімін де жететінін айтты.
«Даун синдромы бар, церебралды сал ауруы немесе басқа патологиялары бар балаларды вакциналау туралы шешім дәл сол кездегі баланың жағдайына байланысты қабылдануы керек. Егер баланың жағдайы ауыр болса, онда, әрине, қарсы көрсетілім деген сөз», - деді Әлия Рүстемова.
Баспасөз туры барысында спикер вакцина жатырдағы ұрықтың дамуына әсер етуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
«Вакцина туылмаған балаға ұрыққа әсер етеді деген зерттеу жоқ. Сондықтан вакцина қауіпсіз» - деді маман.
