08 қар, 2019 сағат 10:10

Нұр-Сұлтанда ескерткіштің бағалы металдан жасалған әріптері ұрланды

Елордада Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің ескерткішінен бағалы металдан жасалған әріптерін ұрлаған адам ұсталды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Сарыарқа аудандық полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтауынша, күдікті түнде ескерткіштегі жезден құйылған әріптерді ұрлаған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары бұрын бірнеше рет осыған ұқсас қылмыстары үшін сотталған 32 жастағы қала тұрғынын ұстады.

«Қазіргі уақытта ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, ҚР ҚК-ның 118-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ұрланған әріптердің бір бөлігін металл сынығын қабылдайтын орыннан алған» делінген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұрланған затты сатып алушыға қатысты да сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.