28 нау, 2019 сағат 10:36

Нұр-Сұлтанда болған ірі жол апатынан кейін Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолданды

Бүгін, яғни 28 наурыз күні өткен Сенат отырысында депутат Георгий Ким Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ.Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. 

Құрметтi Асқар Ұзақбайұлы!

Сіздің атыңызға депутаттық сауал жолдауымның себебі, 2019 жылғы 26 ​​наурызда сағат 09.15-те, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлы Дала даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында ірі жол-көлік оқиғасы болды.

Ресми деректерге сәйкес, бұл апаттан 35 адам зардап шекті, 2 адам қаза болды, 23 адам ауруханаға жатқызылды және 17 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жолаушылар қозғалысының қауіпсіздігі үшін көлік құралдарын техникалық байқаудан өтіп, жүргізуші медициналық тұрғыда тексеріледі.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығына сәйкес, операторлардың тізіліміне енгізілген заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер көлікті техникалық байқаудан өткізуге жауап береді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, дәрігерлік тексерулерге заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер ретінде жалданған медицина қызметкерлері жауапты болады.

Жолаушылар тасымалы көптеген адамдарға қатысты болатынын және қауіпсіздікті талап ететінін ескере отырып, техникалық және медициналық тексеруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің қызметіне бақылауды және жауапкершілікті күшейту мәселесін қарау қажет деп есептеймін.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалдың қаралу нәтижелерін заңда белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруді өтінемін.

Депутат Г.Ким