Елордадағы Достық үйінде қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаев туралы "Абайдың ұлылығы немесе XXI ғасырда ойшылдың портретін жасауға талпыныс" кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара Әзербайжан Республикасының елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Кітап авторы - әзербайжандық тарихшы, саясаттанушы, Әзербайжан СВС телеарнасының "Сыртқы істер аспектілері" бағдарламасының жүргізушісі, Әзербайжан мемлекеттік комитетінің диаспоралармен жұмыс жөніндегі сарапшысы Теймур Атаев.
Ол өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел саясатын жүзеге асыру үшін құрылған, әлемде теңдесі жоқ қоғамдық институт екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Достық үйінің ғимаратында этномәдени бірлестіктердің қызметін дамыту үшін барлық жағдай бар екенін атап өтті.
Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов қонақтарға этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі туралы айтып, қатысушыларды кітаптың тұсаукесерімен құттықтады.
Іс-шараға Қазақстандағы Әзербайжан Республикасы елшілігінің, елордалық этномәдени орталықтардың және қалалық ҚХА жастар қанаттарының өкілдері қатысты.
Делегация этномәдени бірлестіктердің кабинеттерінде болып, этностардың көпғасырлық тарихымен және мәдениетімен танысты.
Айта кету керек, тарихнамада алғаш рет Абайдың ескірмейтін ойларын Құран аяттарымен салыстыруға талпыныс жасалды. Ойшыл идеяларын толық түсіну үшін автор қазақ тарихының маңызды беттеріне және ақын өмірбаянының маңызды эпизодтарына жүгінеді. Оның пікірінше, бұл Абайдың барлық уақытта да өзекті болып табылатын өлең жолдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесшісі Ровшан Кязимов шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Кездесу соңында автор Достық үйіне кітап табыстап, оқырмандарға қолтаңба қалдырды.