Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар аясында ҚР ҚК әскери қызметшілері полиция және Ұлттық ұлан өкілдерімен бірге блок-бекеттерде қызмет атқарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Карантиндік аймақтарға кіру мен шығудың шектелуін сақтау үшін атқарылатын бірлескен қызмет 2020 жылдың 19 наурызынан бастап Ішкі істер министрлігінің басшылығымен ұйымдастырылды.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан қаласының аумағындағы блок-бекеттерде Қарулы Күштер әскери қызметшілері атқаратын қызметтердің ұйымдастырылуын Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев пен ҚР ҚК Бас штабы бастығы генерал-майор Мұрат Бектанов тексерді. Тексеру барысында әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына көңіл бөлу, олардың барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілуі, қызмет кезіндегі кез-келген жағдайда өзінің іс-қимыл тәртібін білуі басты назарға алынды.
Бұрын айтылғандай, нысандарды дезинфекциялайтын бөлімшелерден басқа Қарулы Күштерден блок-бекеттерін күшейту үшін тиісті дайындықтан өткен және осындай іс-қимылда тәжірибесі бар Десанттық-шабуылдау әскерлерінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілері, бітімгершілік полкі және әскери полиция тартылады.