13 мау, 2019 сағат 09:27

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі ауысты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап. 

"Алтай Сейдірұлы Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалсын", - делінген президенттің жарлығында. 

Ол бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болды. Ал елорданы осы уақытқа дейін Бақыт Сұлтанов басқарған еді. Ол Астана әкімі болып (қазіргі Нұр-Сұлтан) 2018 жылдың 11 қыркүйегінде тағайындалған болатын.

Алтай Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда Түркістанда туған. А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін тәмамдаған. Мамандығы – заңгер.

2000 жылы әскери борышын өтеген;

2001-2008 жылдары әділет министрлігі, мемлекеттік қызмет істері агенттігі және бас прокуратура органдарында түрлі лауазымда қызмет атқарды;

2003-2007 жылдары – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша басқарма басшысының орынбасары;

2007-2008 жылдары – әділет министрлігі заң актілерін жасақтау және талдау басқармасының басшысы;

2008-2010 жылдары – "АлашМедиаГрупп" компаниясы бас директорының орынбасары;

2010-2012 жылдары – Қазақстан президенті әкімшілігі аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы;

2012-2013 жылдары – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;

2013-2016 жылдары – Орал қаласының әкімі;

2016 жылдың 26 наурызынан осы күнге дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болды.

Үйленген, 3 баласы бар.