25 қар, 2017 сағат 17:39

«Нұр Отан» партиясы: саяси жұмыстың жаңа форматы

«Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы «Nur Otan Talks: modernization» пікірталас алаңы аясында «Жаңғыру мен жаңа идеялар арқылы жарқын болашаққа» атты конференция өткізді. Оған белгілі блогерлер, партия мүшелері Саясат Нұрбек, Динара Сәтжан, Рахым Ошақбаев және Тәңірберген Бердоңғар қатысты. Сондай-ақ, белгілі сарапшы Айдос Сарым мен жас режиссер, продюссер Нұртас Адамбай да жаңғыру жөніндегі өз ойларымен бөлісті.

Іс-шараның басты ерекшелігі оған қатысуға ниет білдірушілер тек интернет арқылы тіркелді. Сол себепті конференцияға қатысушылар негізінен партиялық жаңғыру бастамасын жан-жақты талқылап, қашанда жаңа идеялар ұсынуға дайын тұратын әлеуметтік желілердің белсенді қолданушылары болды.

Конференцияның модераторы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Жанна Құрманғалиева партия мүшелерінің, сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің, масс-медиа өкілдерінің және ел ертеңіне бейжай қарамайтын барша қазақстандықтар қатысатын, партияны жаңғыртудың өзекті мәселелері ашық талқыланатын мұндай заманауи форматтағы сұхбаттасу алаңын құру аса маңызы бастама екенін айтты.

– «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңді өзгерт» деген баршаға мәлім қағида бар. Сондықтан Елбасы жариялаған жаңғыру үдерісінің тиімді нұсқаушысы болу үшін және осы істің алдыңғы легінде қалу үшін партия өзінің жұмыс форматын өзгертуі керек. Сондай-ақ, оны ашық ақпараттық қоғамның трендтеріне бейімдеп, замананың кез келген талабына жауап беруге дайын болуы тиіс. Сол себепті, біз бүгін партия жұмысын жаңғырту жолдары жөнінде ішкі пікірталас өткізіп отырмыз, – деді конференцияның модераторы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Жанна Құрманғалиева.

Айта кетейік, 3 қараша күні Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партиялық жаңғыруды бастап, аз уақытта оның нақты жоспарын жасауды тапсырған болатын.